Сегіз Сері

19 июня 2012 - Администратор

 Сегіз Сері
(1818–1854 гг.)

  Сегіз серінің шын аты — Мұхамедқанапия Бахрамұлы Шақшақов. Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Жамбыл ауданының Гүлтөбе-Маманай қонысында туған. 10 жасынан бастап ақындық және орындаушылық өнерімен танымал болған. Оның арғы атасы Қожаберген ақын, әнші, батыр болған.
Мұхамедқанапияның әкесі Бахрам батыр ғана емес, діндар, білімді адам болған. Ол өзі мұсылманша ұлының сауатын ашып, садақ пен қару атуды, найза, қылыш ұстауды, атқа мінуді үйретіп, күреске баулыған. Мұхамедқанапия ер жеткенде он саусағынан өнер тамған шебер болған: қамшы өрген, киіз үй заттарын, ер-тоқым, ат әбзелдерін және т.б. жасай алған.
   Туыстары оны "Сегіз" деп атап кеткен. Сегіз жасында Мұхамедқанапия өзі аңға шығып, құралайды көзінен атқан мерген болған. Кейін оған "сері" деген ат қосылған, себебі ол 13 жасынан домбыра тартып, ән айтқан, ал есейе келе бүркіт, қаршыға сияқты жыртқыш құстармен саятшылық құрған.
17 жасында Сегіз сері аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың ауылына, қазіргі Қостанай облысындағы Құсмұрынға аттанады. Талантты жігіттің шеберлігіне тәнті болған Шыңғыс өзінің жаңа туған баласын серінің құрметіне Мұхамедқанапия деп атаған. Ұлы да талантты болсын деген ниетпен Сегіз серіні Шоқанның дүниеге келу тойына шақырады.
   Омбының орыс билігі ақынды қазақ рубасыларымен, ықпалды билерімен келісім жүргізу үшін пайдаланғысы келеді. Олардың басты мақсаты құнарлы жерді билеу екенін түсінген Сегіз сері алдымен ауызша өзінің наразылығын білдіреді, бұдан ешқандай нәтиже шықпаған соң қолына қару алады. Жігіттерді жинап, отаршыларға қарсы шығады. Соғыс өнерін жетік білген сері жақсы қаруланған әскерге қарсы шығудан қорықпай, бірнеше рет жеңіске жеткен. Бірақ екі жақтың күші тең емес болатын. Патша билігі Сегіз серіні Сібірге айдау үшін ұстауға, ал қарсыласқан жағдайда өлтіруге бұйрық береді. Сегіз адал досы Ниязбен Сырдария жаққа көшуге мәжбүр болады.
   Сырдарияның жағасында Сегіз серінің таланты толық ашылды. Ол жүрген жерінің сәнін келтіріп, сүйікті қыздарына арнап көп өлеңдер мен әндер жазды. Оған дейін де жауынгерлік ерлігімен танымал болған сері осы жерде де Бұхара мен Хиваның бейбіт тұрғындардың малын ұрлаған қарулы қарақшыларына қарсы жасақ ұйымдастырып, бірнеше рет оларға қарсы тұрды.
   Дегенмен де, патша үкіметінің ізіне түсуіне байланысты бұл жерде де көп қала алмады. Соңынан ерген жігіттермен бірге ол Батыс Қазақстанға жол тартты. Сол жерде, Жайықтың жағасында және Нарынқұмда патшалар мен хандардың зорлығына наразылық білдірген топтар пайда бола бастады.     Сегіз сері жергілікті қоғамға тез сіңісіп кетті, оның үстіне олар оның нағашылары болатын. Ол Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілерге әскери кеңес берді.
  Бұл жерде де ақын көп тоқтай алмай, Кавказға жылжыды, атақты Шәміл басқарған мұсылмандар көтерілісіне қатысты (1837–1841). Ол Иранда, Ауғанстанда болды. 4 жылдан кейін Сырдария жағасына оралды. Осының бәрін сері "Қашқын келбеті" дастанында суреттеді.
Ақмешітке келгеннен кейін Сегіз Арқадан Сырдария жағасына келіп жатқан адамдар арқылы атақты болыстар мен билермен қарым-қатынас орната бастады. Билік өкілдеріне ықпалы бар аға сұлтандар мен билер арқылы Омбы генерал-губернаторының кешірімін алғаннан кейін, сері атамекеніне қайта оралды. Көп ұзамай өзі ұнатқан Ырысбике атты қызға үйленіп, балалы болады. Осы кезеңде Сегіз әнші, сазгер, ақын ретінде танымал болды. Жас кезінде Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Нұржан Наушабаев, Ыбырай Алтынсарин және басқалар Сегіздің батасын алып, одан өнеге алған. Осылар халық арасында Сегіздің әндерін таратты. Серінің көп шәкірттерінің бірі Жаманқұл Дәндібайұлы: "Мен өзім Сегіз серінің 55 әнін халыққа таныттым. Әр түрлі жерлерде Серінің 45 күйін орындадым", - дейді.
   Осыған қарағанда, Сегіздің барлық әндері бізге жеткен жоқ. Өлеңдерінің көбі халық әніне айналды немесе Сегіздің әндерін таратқан басқа орындаушылардың өлеңі болып кетті. Ал оның күйлерін тіпті ешкім зерттеген жоқ. Ғылым Академиясының көне қолжазбалар қорында оның "Ер Исатай", «Жорық», «Қашқын келбетi», «Өкiнiш», «Ақылсыз Шахзада», «Ақбұлақ» дастандары сақтаулы. Ал «Ер Tapғын», «Қыз Жiбеқ», «Айман-Шолпан», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қамбар батыр» сияқты поэмалары мен дастандарының нұсқаларын Жүсіпбек Шайхысламұлы орындады. Шайхысламұлы оларды қағазға түсіріп, Қазанда өз атынан жариялады.
   Сегіздің әскери жорықтар кезінде басынан кешкен қиыншылықтары оның денсаулығына әсер етпей қоймады. Ақын 36 жасында өкпенің қабынуынан дүние салды. Сегіздің Нияз сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Нұржан және басқа шәкірттері ән және дастан түрінде серінің өмірі туралы арнаулар жазды. Олар халық арасында "Мақпал-Сегіз" поэмасын таратты.
Автордың өз қолымен жазған бірнеше туындысы Қазақстан Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасында сақталған.

Бүгінгі ұрпақ Сегіз серінің шығармашылығымен және өмірімен толық таныс емес. Сегіз сері – қазақтың сал-серілерінің рухани ұстазы.

Библиография
Автордың шығармалары:


"Қашқын келбеті",
"Ер Исатай",
"Жорық",
"Өкініш",
"Ақылсыз шаһзада",
"Ақбұлақ",
"Ер Тарғын",
"Қыз Жібек",
"Айман-Шолпан",
"Қозы-Көрпеш — Баян сұлу",
"Қамбар батыр"

Өмірі мен шығармашылығы туралы әдебиеттер:


Бабалардан қалған мұра: (Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Қожаберген жырау мен Сегіз Серінің таңдаулы шығармаларының тұсаукесері туралы)// Солтүстік Қазақстан.- 2004.-14-қаңтар.
Сегіз серінің серігі: (Алаштың алыптары Нияз сері хақында)// Солтүстік Қазақстан.- 2006.-12 сәуір.-5 б.
Жұмабаев С. Ғабен жазған ақиқат: (Сгіз сері туралы)// Солтүстік Қазақстан.- 2006.-18 қыркүйек.-8 б.
Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005
Қосан С. Ғасыр жұмбағы: (Сегіз сері туралы)// Қазақ әдебиеті.- 2006.-8 қыркүйек.-12-13 б.

Негимов, С. Сегіз сері /Шығармалары.- Т.2.- Астана: Фолиант, 2015.- Б. 44
Омаров Қ., Жайлыбай Г. Серілердің серісі - Сегіз Сері// Жұлдыз.- 2004.-N1-110-132-б.
Сүлейменов Төлеш. Сегіз сері: Тарихи- ғұмырнамалық хикаят.- А.: Өнер, 1991.- 270 бет.
Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматы кітап баспасы”, 2009

Сегіз сері (Мұхаммед - Қанафия) Баһрамұлы. Таңдамалы шығармалары / с. Сегіз: 2 т. - 276 б.. – Алматы : Дәуір-Кітап, 2014

Сегіз сері (Мұхаммед-Қанафия) Баһрамұлы. Таңдамалы шығармалары / с. Сегіз: 1-ші том: Өлендер мен толғаулары. — Алматы: Дәуір-Кітап, 2014. — 328 б.

Оспан С. К. Сегіз сері (Мұхаммед-Қанафия) Баһрамұлы Шақшақовтың өмірі мен музыкалық мұрасы : [ғылыми-зертеу еңбек]. / С.К. Оспан . – Алматы : Балауса, 2020. – 228 б.

Ахметов Ғ. Сегіз сері / Ғ. Ахметов - Көкшетау: «Мир печати», ЖК Устюгова Н.Ф., - 2022. - 596 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий