Жолдасбеков М. Ақан Сері өмірінің ақиқаты // Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 2 тамыз. – 5 б.

12 августа 2014 - Садыкова А.

Өнер сүйген кісіні жан рахатына бөлейтін мейіріңді қандырып, көңіліңді сергітетін "Бір кезде Ақан едім аспандағы" деп аталатын ғажап кітап шықты жақында. Авторы - қазақтың көрнекті қаламгері, әрі сүйікті композиторы Илья Жақанов.

Әлқисса

Хикаятта Ақан сері Қорамсаұлындай ел еркесінің шырмауықтай шырмалған, төрт аяқтан күрмелген өмірінің ертегіге бергісіз шындығы, сүйініші-күйініші, ғажап пен азапқа, ләззат пен тозаққа толы таңғажайып тауқыметті тағдыры, қасіретті, шиеленісті ғұмыры әсерлі, әрі нанымды баяндалады, бұланадай биік тұлғасы шебер сомдалады. Бұрын белгісіз болып келген көптеген жаңалықтармен, деректі, дәлелді айғақтармен, парасатты пайымдармен зерделенеді. Құлагерді өлтірген Батыраш емес, Барақбай екендігіне мүлтіксіз дәйектер табады, Барақбайдай, Жүсіп төредей, Бегалыдай қызғаншақтардың іс-әрекеті әшкереленеді, осы күнге дейін жұрттың жадында жағымсыз образ болып қалыптасып қалған Жанбота болыстың, Жалмұқанның, Хазірет Науанның қоғамдағы орны, өмірдегі жарқын бейнесі қалпына келеді. Ақан серінің Құлагерден басқа да Қоңырат (Салқоңыр), Көкбесті, Қарабедеу, Біржан сал мінгізген Ақбоз секілді тұлпарлары болғанының шындығына, Ақан серінің ақын жүрегіне от қойып, дертіне айналған қос Бәтима, Үш тоты (Ұрқия, Үрімі, Жәмила), Ақшабақ, Жамал, Ақтоқты мен Балқадиша жайындағы ғажайып баянға қанығамыз. Түптеп келгенде мұның бәрі қазақ арасында аңыз боп аты қалған Ақан серінің, оның "Әуеде ұшып жүрген бейнебір ғайып", "Баспа-бас қызға бермес» Құлагерінің, баянсыз махаббатының, бүкіл өмірінің осы күнге дейін беймәлім болып келген аса құнды дерегі, тарихы еді. Жүйелі зерттеу, ойлау, жазу мәдениеті жоғары автор бұл деректерді қырық жылдан бері ерінбей, жалықпай ел ішінен, архивтерден, әсіресе, Ақан өмір сүрген Көкше, Сырымбет өңірлерінен, Қасым қарияның қоңыр дәптерінен, Мағжан Жұмабаевтың зерттеуінен, Батыраштың, Ақтоқтының, Балқадишаның ұрпақтарынан, өзге де көзкөргендерден, анығын естіп-білгендерден алады. Сөйтіп, сол дәуірдің шындығын, Ақан өмірінің ақиқатын алдыңызға жайып салады.
Илья 1985 жылы Еңбек Ері, совхоз директоры Ұлтай Нұрсейітовтің үйінде Ақан серімен аталас, Қасым қарияның баласы Ербаһрам Жандосовпен кездеседі. Ербаһрам - Ақан серінің жақын туысы. Ербаһрамның әкесі Қасым қария (1896 жылы туған) Ақан сері жайында өмір бойы жазған дәптерін Ильяға бір көрсетсем деп армандап жүреді. Ақан сері өмірінің бар шындығы, елеулі кезеңдері, айтулы оқиғалары осы дәптерде қамтылған.
Дәптерді сұраушылар көп болған, бірақ Қасым қария ешкімге бермеген:
- Ақан сері әулетімізге ғана емес, халқымызға иіп бере салған Тәңірдің сыйы еді, ол жайында мына дәптерде жазылған дәйекті сөз, ауызша айтқан қыруар әңгімем - саған, сенің балаңа, балаңның баласына жете берсін.
Ақан сері дүниеден қайтқанда мен он жеті жаста едім. Түр-түсі, іс-әрекеті, мінезі, елде жоқ кірпияз қасиеті, домбыра шертісі, әндеткен үні... бар тірлігі көз алдымда. Басынан кешкен бағы мен сырын, кімді сүйді, кімге налыды... әр әнінің тарихы... Қоңыр аты мен Құлагерінің баянын... бәрін Ақан серінің өз аузынан естідім. Өзіме беймәлім көп жайды аталарымыз бен әжелеріміз, әкелеріміз бен аналарымыз, елдің есті кісілері айтушы еді. Маған отбасыдағы азын-аулақ мал-мүлік, дүние-жиһаздан гөрі әулетіміздің шежіресі дерлік осы дәптер қымбат. Менің саған қалдырар дүнием де, аманатым да - осы дәптер, - деп баласы Ербаһрамға тапсырған. Илья құнды деректердің негізін осы дәптерден алған.
Ақан сері - Қарауыл ішінде Малтабар. Арғы атасы Құдайқұл жүйрік ат мініп, ит жүгіртіп, құс салған даланың еркесі екен. Бозбала кезінде серіліктің әуресімен ауылға сыймай, думандатып ел кезіп, әндетіп ел аралап кетеді екен Сөйтіп жүріп бір жылы Қанжығалы елінде қызойнақта көкірегі әнге, арманға толы Кенжебикеш деген қызды ұнатып, алып қашады. Құдайқұл мен сол Кенжебикештен - Сапақ, Бекназар, Жаназар туады. Бекназардан – Жарқын, одан - Қорамса, Қорамсадан - Ақжігіт (Ақан сері); ал Жаназардан - Ибраһим, одан - Жандос, Жандостан - Қасым, Қасымнан – Ербаһрам туады.
Қорамса інісі Жандоспен ғұмыр бойы іргесі бөлінбей, ата қоныстары - Қоскөлдің жағасында, Кеңащы, Көлденең, Қараталдың бойында бірге көшіп-қонып жүрген. Жаз жайлауы, қыс қыстауы да бір болған. Сондықтан да олар іргесі бөлінбеген Қорамса әулеті аталып кеткен.

Қоңыр ат және Құлагер трагедиясы

Алты жасқа дейін Ақан серінің тілі шықпаған екен. Бір жылдары салдықтың салтымен Біржан сал Қорамсаның қонысы Қоскөлдің жағасына қызыл сары, көк шатыр тіктіріп, аспандата шырқатып әнге салады. Ауыл балалары да сол маңға жиналады. Бала Ақан таң-тамаша қалып, аузын ашып, Біржанның әнін ұйып тыңдайды.
Дәл осы сәтте кішкентай ғана Аканның балапан жүрегін қандай сезім билегені белгісіз, кенет "Алақай!... Алақай!" деп шатыр жаққа қарай тұра жүгіреді. Сол күні Ақанның тілі шығып, Қорамсаның үйінде ақ түйенің қарны жарылған қуаныш, дуылдасқан той болады.
Алла тағала сездірді ме, кім білсін, Біржан сал өз әніне елден ерек елтіген, қоңыр қозыдай момақан, кіп-кішкентай Ақанды бауырына басып, мейірлене тебіренеді, үкілі домбырасын береді. Біржан салдың Ақан серіге ұстаздығы осылай басталады.
Ақан серінің әкесі Қорамса құрығы ұзын, кімнің кім екенін тани білетін, ортасына сыйлы кісі болған. Саудасы жүріп тұрған күндердің бірінде әдеттегіше Атбасар жәрмеңкесіне барыпты. Тобыл жақтағы Қыпшақтың дәулеті шалқыған бір ырысты мырзасымен алыс-беріс жасап, сыйласып жүреді екен. Сол досы жәрмеңкеге келіп, жылқы сатыпты. Жылқыларының ішіндегі басымен алысқан, билеп, ойнақшып, шиыршық атқан, ерке қарагер құнанға жұрттың бәрі қызығыпты. Таласып, бірінен-бірі саудасын асырыпты. Солардың ішінде алпауыт Көкжал Барақбай да болыпты. Қарагердің бағасын түсірмек болып: "Ұршықша иірілген не бұл өзі? Қостанайдың сығандары сататын атының аузына арақ құйып, өстіп еліртіп, есіртіп қоюшы еді, оны Баттал да үйренген екен ғой", - деп даурығыпты.
Баттал күлімсіреп, Қорамсаның иығына қолын салып:
- Қореке, дос-көңілдес жандармыз, екеуміздің арамызға сауда жүрмейді. Ақан деген бұлбұлың бар, соның бәсіресі болсын, қарагер құнан сенікі, - депті. Батталдың сөзін естіп тұрған Барақбайдың содан бастап ішіне қан қатады.
Арада аттай алты жыл өтеді. Ақан сері он алтыға толады. Әлгі Барақбайдың өлшеусіз байлықпен мейманасы тасып, Ақмола уезіне сөзі өтіп, жиған малы жер-көкке сыймай, түкірігі жерге түспей тұрған кезі екен.
Барақбай Қарауыл - Кемел ішінде Нұртаза болыс пен оның інісі Сүлейменді желеп-жебеп жүреді, ым-жымы, ымырасы бір болыпты.
Бір күні Барақбай мен Сүлеймен Қоскөлді жағалап келе жатып Қорамсаның күлтеленген жылқыларына көзі түседі. Алдарынан бір қоңыр ат жұлдыздай ағып өтеді. Бұл баяғы Қыпшақ байының сыйлаған қарагерінің тұқымы еді. Қорамса оны үйірге салады. Сол жануар текті мал екен, Қорамсаның сары биелерінен ылғи жүйрік туады. Бір күні Барақбай Сүлейменге:
- Аққан жүлдыздай боп көрінген сол бір ат көз алдымнан кетпей, құрғыр түн ұйқымды төрт бөліп, құса қып қойды, дертіме айналды. Ердің құнын сұраса да сол атты маған алып бер,- деп қолқа салады.
Қаншама қолқаласа да Қорамса: - Бұл Ақанымның бәсіресі, - деп бермейді. Содан бастап Барақбай Қорамсаға кектенеді.
Бір жолы Қорамса Омбыға екі үйір жылқы апарып сатады. Солардың ішінде әлгі екі сары бие, соңынан ерген қоңыр тай бар екен. Қорамса Ертістің бергі беті - Қаржас ауылының шетінде тұрып саудаласыпты. Қоңыр тайды бермей алып қалады. Сатып алған кісі жылқыны Ертістің үстінде салмен алып бара жатқанда қоңыр тай - екі енесіне, екі енесі қоңыр тайға қарап, ұмтыла шұрқырасып, жағалау азан-қазан болады. Қоңыр тай бұлқынып, тулап, босанып кетіп, жібек арқанымен өзін-өзі өзенге тастап жібереді. Жылқы тиеген сал арғы жағалауға жете бергенде қоңыр тай да қалқып судан шығады. Қорамсаның айқайын ешкім естімейді. Қоңыр тай енелеріне қосылып кете барады. Осы бір ісіне күйіп-піскен Қорамса: - Ақанымның қоңыр тайы... Құлынымның бәсіресі... - деп, жылқы алған кісінің қайда тұратынын сұрап біліп, Ертістің арғы бетінен қоңыр тайды тауып алады. Кейін Ақан сері "Қараторғай" әнінде:
"Ертістің ар жағында бір терең сай,
Сүйреткен жібек арқан телқоңыр тай" - деп егіліп, елжіреп есіне алады ғой. Сол қоңыр тай өсе келе әйгілі Қоңыр ат болып, Ақан серінің бозбала шағын шалқытады, үстінде қалықтап, көкте жүзгендөй болады. Қолында көк қаршыға шаңқылдап, соңында сұлу құмай тазылар сумаң қағады, серілік жолына түседі.
Қорамса Ақан серіге Ноғай Қарауыл ішіндегі Бадырақтың Бекбасының Бәтима есімді қызын атастырады. Бәтиманың үлбіреген уыз пішіні, тал бойына жарасқан ақыл-парасаты, әнді сүйген нәзік сезімі, бал қылығы Ақан серіні үйіріп алады. Ақан сері Ақсу мен Қоскөлдің арасын жол қылып, күн демей, түн демей жосылып, ай қалқыған мақпал түнде бозторғай сілкінген боз таңға дейін Бәтимамен сырласады. Бірте-бірте Біржан сал секілді Ақан сері де бұл өңірді әнмен тербейді. Қайыншылап жүріп, Терелер ауылында, Сұлушоқыда Қоңыр атты тоқ бәйгеге қосады. Қоңыр ат ешбір атты маңына да ілестірмейді. Содан бастап Жүсіп төренің ішінде сөнбейтін қызғаныш оты тұтанады.
Сол кездерде қыс түсе сүзек індеті жұртты қынадай қырып өтеді екен. Желегі желкілдеп, алдағы мамыр айында ұзатылайын деп отырған Бәтима кенет осы дерттен дүние салады. Үміті үзілген ақынды шер күйігі езеді.
"Уақыт - емші" дегендей, екі жыл өткен соң Ақан сері Шомат қажының Бәтимасына көз салады. Қорамса Ұлыкөлді жайлап отырған Біржан салға:
- Шырағым Біржан, Ақаныңның жүзіне шырай кірді. Бір келіп кетсең, Ақаның жүзіңді көріп, лебізіңді естіп, одан сайын көтеріліп қалар еді, - деп сәлем жолдайды.
Біржан сал Керей еліне белгілі Данияр ұстаға Ақанға лайықтап жасатқан, ақ күміс жапқан қырғыз ерін ала келеді. Онысы Қоңыр атқа жараса кетеді. Бірнеше күн ән салып, осылай Ақанның құлазыған көңілін көтеріп, қайта сергітеді.
Біржан сал ауылына қайтатын күні Ақан серіге тобылғы сабы алтынмен бунақталған сегіз өрім қамшысын береді. Ат төресі Ақсеркешінің кекілінде желкілдеген үкіні Қоңыр аттың кекіліне тағады. Қыран құс қондыратын қызыл аршадан жасаған балдағын да беріп кетеді.
Қабағы ашылып, көңілі көтерілген Ақан сері:
"Салқоңыр, тізгінің бос, жолың ашық,
Баратын жерім шалғай, жерім қашық.
Үстінен Айыртаудың қарайын бір,
Көзіме көріне ме сүйген ғашық?"
- деп атқа қайта қонады.
"Басыңда кәмшат бөркің жарқырағын,
Иығыңда алтын шолпың жалтырағын.
Сыпатың жұмақтағы хор қызындай,
Үніңнен айналайын қалтыраған" – деп жүріп, Шомат қажының Бәтимасына үйленеді. Бәтима Ақан серінің қараңғы көңіліне сәуле шашып, мұңды жүзіне шырай береді. Қоңыр атпен келеңдеген Ақан сері айдарынан жел ескен бір бекзатқа айналады.
Тұлпарын жиі-жиі таңасырып, қу құрсақ етіп ашықтырады. Ат моншасына бұлаулап, қамау терін алдырып, артық етінен арылтады.

Әбден бабына келген Қоңыр атты Көкшетаудағы Балуан Шолақтың: "Кешегі сентябрьдің базарында, сындырдым Карон палуан қабырғасын" деп айтатын Сентябрь жәрмеңкесінде бәйгеге қосады. Қоңыр ат бәйгеден жеке келеді.
Келесі жылы жазда Көкше жерінде Шұғыл Бәйгес деген әкесіне ас беріп, екі жүз аттың ішінен бәйгеде Қоңыр ат алдына қара салмайды. Бәйгесіне он жылқы, кілем жапқан ақбас атан, елу қой алады.
Күн сайын даңқы аспандаған Ақанын ел ардақтап алақанына салады. Бірде Қыпшақтың алтын айдарлы батыры Сырымбеттің атымен аталатың Көкшенің қиял қозғайтын жәннат жерінің бірі - Сырымбетке келеді. Бұл - талай ғашықтың өзегін жарған Сырымбет, Абылайдың ізі қалған, Шал ақын толғап жыр төккен, Біржан салдың әні қалықтаған, Шоқандай кемеңгер туған, Уәлихан әулеті салтанат құрған жұмақ жер. Бірнеше күн бойы осы өңірде ел-жұртты әнімен риза қылған Ақан серінің Салқоңыры Жүсіп төренің ауылында ойда жоқта кермеде шоңқиып, екі аяғымен жер тіреп, бөксесін көтере алмай, аузынан көбігі ағып, екі көзі адамның көзіндей жаудырап, адамша ыңыранып, иесін қия алмай, жан тапсырады.
Қоңыр аттың жұмбақ өлімі Ақанның жанына қатты батады. Жыландай ысқырған қамшысымен жерді осқылап сабай береді...
Көп ұзамай, Бәтимасы босанып, Ақан сері жиырма үш жасында перзентті болады. Нағашысы Шөкетай құтты болсын айта келіп, Қорамса екеуі Қоскөлді жағалай жайылған жылқыларды аралайды. Жұрт мақтайтын қарагер айғырды көреді. Жал-құйрығы жер сүзген апайтөс, кеудесі толқын жарған Ыстамбұлдың кемесіндей, шоқтығы биік, екі көзі маздаған шоқтай, кісіге адамша қарайтын жылқыны көріп, бірден көзіне Қоңыр атты елестетеді. Оның осы қарагер айғырдың тұқымы екенін білуші еді. Сөйтіп тұрып, сары биенің қасында жас құрақты бырт-бырт үзген бір еркек қара тайға көзі қадалады. Үйге оралған соң, шай үстінде Шөкетай:
- Қореке, малыңның құты болған қара айғырың әлі бабында екен. Дүние деген итті тауып жүрміз ғой, мен де бір кәдеңе жарармын, әлгі қара тайың көзіме жұлдыз боп көрінді, соны маған қи, - деп қолқа салады. Қалағаның осы болса деп, Қорамса қара тайды жетектетіп жібереді.
Арада жылдар өтеді. Сол қара тай азулы, айбынды қара айғыр болады. Бір боз биеден туған құлындары шетінен жүйрік шығып, төңірегін таңғалдырып жатады.
Қорамса бірде Шөкетайдың ағасы Елторының шаңырағына келіп түседі. Өткен-кеткен әңгіме айтылады. Ақанның Қоңыр аттан айрылып, күйзеліп жүргені сөз болады. Елторы:
- Қореке, бұл жайға біз де қанықпыз. Барып қайтайын деп талай оқталдым, қу тірліктен шыға алмадым. Ана жылы сіздің қарагер айғырыңыздың үйірінен алып келген қара тай бүгінде әйдік айғыр. Содан бері Шөкетайдың жылқысы да бірте-бірте текті тұқымға айналды. Сол арқасы қоңыр, бауыры сап-сары ерке құлыныңыз биыл құнан шықты. Біз оны Құлагер дейміз. Құлагер осы өткен сәуірде үйірге таласып, мына Ащылы төңірегін азан-қазан, у да шу қып, өзімен жасты сәуріктің бәрін шыңғырта шайнап, тепкілеп, жылқыдан бездіре қуды. Онымен қоймай, көрші ауылдың азулы айғырларымен шайнасып, қызыл ала қан боп, қасқыр талағандай жарақаттана берді. Бүйте берсе, бір күні майып болар деп, Шөкетай екеуіміз ақылдасып, піштіріп жібердік. Әп-сәтте жыны басылды. Жуас. Астынан бала жүгіріп өтсе де тырп етпейді. Қоян жақ. Бекен қабақ. Кекілі келте. Жалы сұйық. Алқымы алқа-салқа. Салпы ерін. Тоғыз шелек су ішсе де бүйірі шықпайтын қу құрсақ. Артқы екі аяғының арасы далиып жатқан кең дала... Талтақтай басқанын көрген сыншы біткен, шіркін-ай, біздің қолға тисе ғой мұндай пырақ деп шерменде болып жүр, - деп ұзақ сонар әңгіме айтады.
Әңгіме Қорамсаның жан дүниесін босатады, ұйып тыңдайды:
- Ақанымның Қоңыр аты өлмепті. Оны жоқтатпайтын Құлагер бар екен. Құлагер үшін келдім, Елеке. Саудагердің сөзінде пәтуа болушы ма еді, соның бірі өзіміз емес пе? Шөкетайың бірде бие, бірде түйе, кейде тайғанақтап кетеді. Тілін емізген Самарқанның сарттарындай сөзімен арбайтын Сүлейменнің арбауына шырмалып, бір күні Құлагерді сатып жібере ме деп қорқамын. Құлагерді біздің үйдің кермесіне байлайтын өзің бол. Тегін жатқан дүние жоқ. Ақанымнан ештеңені аямаймын, - деп қиылады.
Елторы:
- Қореке, Ақаның Біржан салдың алдында он үш жасында ән салды, он алты жасында үкілі домбырасын бұлғақтатып, алқалы топтың алдына шықты. Ерте есейді. Бүгінде атағы жер жарады. Жиеніміздің жан жарасы жазылар. Жігіттің қайғысы сұлу жардың төсегінде, қыран құстың қияғында, тұлпардың тұяғында қалады деген, шерлі көкіректі осы үшеуі емдейді. Барақбай мен Сүлейменнен келгенді көріп алармыз, қалағаныңыз Құлагер болса, бір амалын табармыз, - деп, риза қылып қайтарады.
Ақан сері де Біржан салдың ауылынан олжалы оралады. Көңілі көтерілсін деп ұстазы шәкіртіне ақбоз айғыр мінгізіп, Қорамсаға - түлкі ішік, Жаңылға - күміс қапсырмалы мақпал қамзол, Бәтимаға алтын сырға, алтын алқа, күміс шолпы беріп жібереді. Ақан серінің нөкерлеріне түгел ақбоз ат мінгізеді.
Көңілі жадыраған Ақан сері нағашысы Шөкетайдың ауылына келеді. Ащылыдағы аз ғана түтіннің кәрі-жасы жиылып, Ақан серінің әнін тыңдайды. Ертеңінде сәскеде Ақан сері тысқа шығып ащы аязда, қора жақта, ойпаңдау жерде, көк мұзда серейіп жатқан кер дөненді көреді. Төрт аяғы төрт жақта. Қаннен-қаперсіз. Тамылжыған шілденің шаңдағында ұйықтап жатқандай, тырп етпейді. Артқы екі аяғының арасы ел көшкендей. Кеудесі шығыңқы. Болат тұяқ. Астыңғы ерні салбырап, танауынан үзік-үзік бу шығады. Құйрығы қып-қысқа, жалы сұйық. Жағында қырым ет жоқ. Шабы сарғайған бір сары жұрт... Арқасы қоп-қоңыр ұйысқан жүн. Екі көзінің айналасы тершіп, кекілі селтиіп, бозқырау шалған қамыс құлағы қимылдамайды.
- Осындай да мал бола ма? - деп Ақан сері аң-таң боп тұрғанда, ту сыртынан нағашысы Елторы келіп:
- Бұл - жалғанның малы емес, қылқұйрықтының жұлдызы, жігіттің шырағы, дүйім жұрттың намысы. Туа бермейді мұндай жануар. Биыл дөнен. Сынға түсер дер шағы. Аз оттайды. Өстіп көп ұйықтайды. Тынысы кең. Астындағы көк мұзға қарашы, көктемнің шуағы түскендей, жып-жылы боп еріп жатыр. Қоңыр атың тірілді, Ақанжан. Кер дөненнің былайғы аты - Құлагер! Ал бұл - енді сенің қанатың, - дейді.
Көп ұзамай, Құлагер Ақан серінің қолына тиеді. Ә деп мінген сәттен-ақ жануар жер мен көктің арасында самғайтын қанаты бар құдірет болып көрінеді.
Ақан сері Құлагерді өзге жылқыдан бөлек ұстайды. Арнайы құдық қаздырады, қайыңнан қора, жер астынан монша салдырады. Ол моншаны "Ақбалтыр" деп атайды. Түн болса, жібек арқанмен көк майсаға арқандап, өзі күзетіп жатады.
Сол жазда Ақан сері Құлагерді Көкшетауда Шағалалы өзенінің теріскей беті - Қызылжарға шығатын жолдың жағасында жылда өтетін "Сентябрь жәрмеңкесінде" болатын аламан бәйгеге қосады.
Құлагер "Сентябрь жәрмеңкесіндегі" бәйгеде екі жүз елу аттың ішінде ойнақтап жеке келеді. Іле-шала Омбыдағы Қаржастың асында да үш жүз аттың алдында келеді. Саққұлақ бидің баласы Нұралы, Зілқараның баласы батыр Әлібек, Жанбота болыс пен Біржан сал Ақан серіні ардақтап, Құлагерді жыр қылады. Ертеңіне осы топ көшкен елдей жарасып, Біржан салдың ауылына барады. Әлібектің жанына айдай сұлу қызы Ақшабақ ілесе келеді. Ақшабаққа Ақан сері есі кетіп, ғашық болады.
"Қызы бар Әлібектің Ақшабақтай,
Жүруші ем заманымда қызды жоқтай", - деп басталатын "Ақшабақ" әні "Мың бір түн" ертегісіндей аңыз боп ел ішіне тарайды да кетеді.
Зілқараның Әлібегі - Әлібек батыр – даңқы асқан, ел ішінде сыйлы болғаң тура бидің сөзін сөйлеген әділ, көкірегі көк тіреген дөйлердің өзін тәубесіне түсіретін, Атығай, Қарауыл, Керей, Уақтың ту етіп ұстаған айбарына, құты мен намысына айналған кісі. Көкшетау дуанындағы Ақсары болысын басқарып отырған Атығайдың тағы да бір арысы -Жанбота Қарпықұлы осы Зілқара әулетімен жұлдызы жарасып, тонның ішкі бауындай араласады. Ақынжанды, сері көңілді Әлібекпен Біржан сал да дос болады. Біржан сал тобымен таңды таңға ұластырып ән салады.
Әлібек - Ақан серіден көп үлкен, әкесіндей адам. Омбыдағы жүздесуден кейін Әлібек оған құдірет боп көрінеді. Әлібек болса, Ақанды ардақтап, ылғи қорғап-қорғаштап жүреді. Ақанды Керей еліндегі Жыршы дегеннің асына алып баратын да - осы Әлібек.
Сол аста Ақан бірнеше күн асқақтатып ән шырқайды.
Жыршының асында Құлагер бәйгеден келіп, екінші болып мәреден Әлібектің Бәйгеторысы өтеді. Ақмәліш Барақбайдың Жезкүреңі - бесінші, Біржан салдың Айбозы - алтыншы, жетінші болып Әлібектің Дөненторысы келеді.
Қаскей, қызғаншақ Барақбай осы жолы да шатақ шығарады, бірақ Әлібек оның үнін шығармай, мысын басып тастайды. Бас бәйге - жүз жылқы Құлагерге беріледі. Құлагердің даңқы аспанға шығады.
Осы астан кейін де Әлібек Ақан серіні арнайы шақырып, ауылына апарады. Әлібектің ауылында таңғажайып ертегі дүниесіндей күндер өтеді. Елдің ауызында Ақан сері, Құлагер болады. Ақан сері қайтатын күні Әлібек:
- Қылқұйрықтың тұйғыны деп сылап-сипап, мәпелеп ұстаушы едім, осы бір сүйріктей қара бедеуді алдыңа тарттым, Ақанжан. Сұлу аттың үстінде көркейіп, сәулетті болып жүр, иығыңа жанат ішік жаптым, Ақанжан! Қиырдан шолатын қыраным еді, Қараторғайды қондырдым, қолыңа түлет, Ақанжан! Түзді сүйетін жүрегің бар, мына бір берен мылтықты да ілдім еріңнің қасына. Орта жүздің сайраған бұлбұлы, жайнаған гүлі де сенсің, ажары да, базары да сенсің, әні де, сәні де сенсің! Самғайтын тұлпарсың, ұшатын қырансың, аспанда қалықтай бер, шырағым! - деп, қошеметпен шығарып салады. Әлібектің Ақан серіге өкіл әке атанатыны осы кез екен.
Қыпшақ елінде бір сұрапыл ас өтетін болып, бүкіл Торғай дуаны дүрлігіп, Үш жүзге сауын айтылады. Сол асқа Ақан серінің тобын тағы да Әлібек батыр бастап барады. Бас бәйгені Құлагер алады.
Ендігі жерде Құлагер Ақан серінің жан рақатына, құштар сезіміне, қызулы шабытына, атын әлемге жайған, көңілін көкке көтерген құдіретіне айналады.
"Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда,
Баптаған сені сылап, қалқатай да", - деп, жан жүрегіңді баурайтын "Маңмаңгер" әнін осы кезде шығарады. Жалғанды жалпағынан басқандай, мерейі тасып, қолында Қараторғайы, соңында құмай тазысы Базарала, сылаң қағып, бірде Есіл Құланетпес, кейде Нұраны жағалап, қарағай-қайыңы сыңсыған Тобылға дейін барып, ел-елді думанға бөлеп жүреді. Бұл кезде Ақан сері мен Бәтима тағы бір перзент сүйеді. Оның атын ілгергі үмітпен Дәмелі деп қояды.
Құлагердің желігімен аспандағы аққу үніне әнін жалғап, шалқып-тасып жүрген күндердің бірінде Ақан сері Сарыарқаға аты шыққан айбынды әулет - Аққошқар Сайдалының асына қатысады. Бұл жолы да оны желеп-жебеп, үлкен салтанатпен Әлібек алып барады. Бәйгеге үш жүз ат қосылады. Құлагер - алдында, екінші боп Барақбайдың Кетеберкөгі келе жатады. Сол кезде Әлібек пен Ақан серінің жанында тұрған Барақбай:
- Не ғып тұрсың сүмірейіп? Сүйрет! Тарт ана атты! - деп, қамшысымен өзінің даяшысы Бөрібайды тартып-тартып жібереді.
- Ережеде ат сүйрету бар ма еді? - дейді Ақан сері. Ызадан, намыстан жарылғалы тұрған Барақбай Ақан серіні балағаттап, бірталай сөз айтып тастайды.
- Ата сақалың ауызыңа түскен шағыңда ел алдында қадіріңді кетірмей, алжымай жүр, Барақбай! Әкем Қорамса сен сияқты ұры-қары жұмсап, мал тауып көрген жоқ. Тапқан малыңның, ұстаған мүлкіңнің бәрі арам. Бір кезде қоңыр атыма сұқты көзіңді қадап, ала алмап едің құса боп, енді ішіңді Құлагер өртеп жүр, қыр соңымнан қалмай-ақ қойдың, Барақбай! Қамшы сілтеген олай емес, былай!
- деп Ақан сері Бөрібайды қақ бастан тартып жібереді. Жара басынан қан шып ете түседі.
- Осы қан есіңде болсың Ақан! Қан жылатам, - дейді ол.
- Бөрібайдың сөзін ұмытпа, Ақан, - дейді Барақбай. Ақан серінің жігіттері ұмтыла бергенде:
- Жә, дүрлікпеңдер, Барақбайдан келген пәлені көрдік, - деп, Әлібек басу айтады.
Бұл дәйекті автор Мағжан Жұмабаевтың "Ақан сері" атты зерттеуінен, Ақан өміріне қатысты аса құнды мұра - Қасым қарияның дәптерінен келтіреді.
Аққошқар - Сайдалы асынан мол олжамен оралған Ақан серінің отбасында тағы бір перзент дүниеге келеді. Үміті мен Дәмелісінен кейін Бәтима ұл туады. Нәрестенің атын Ибраһим қояды. Оны кейін бәрі еркелетіп, "Ыбан" деп атап кетеді.
Көп кешікпей Бәтима дүниеден өтеді. Ақан сері тағы да қайғы-мұңға батады. Сөйтіп жүргенде тағы да бір үміт оты жылтылдайды. Ол - жан біткенді таңғалдырған, елжіретіп, есті алған болжаусыз сәуле - Ақтоқты. Сырымбетті жайлаған Жақсылық - Қарауылдан шыққан орта дәулетті момын Бақтыбай дегеннің қызы. Ақтоқты көркіне ақылы сай, ақын-жанды, нәзік сезімді, айтулы қыздардың ішіндегі шолпан жұлдызы, жігіттің дүрі: "Шіркін, менің жарым болса"дейтін арман еді.
Ақтоқтының басы бос емес. Ырысы көл-дария боп шалқыған Сүтемген байдың айдарынан жел ескен мырзасы Жалмұқанға атастырылған. Соған қарамастан, Ақан серіні тағы да бір түлен түртіп, жүрегінің әміріне ырық береді.
"Ақтоқты, шашың жібек, жүзің айдай,
Адамзат сыпатыңа таңғалғандай.
Дерт болып жүрегіме сен жабыстың,
Тілекті жеткізейін қапы қалмай",
- деп, Ақтоқтымен қызойнақ, шілдехана, басқа да жиындарда кездесіп жүреді. Әнге балқыған Ақтоқты Ақан серіге көңілін білдіреді де, ақыры ұзатқалы жатқан Ақтоқтыны Ақан сері Қарабедеуге мінгізіп алып қашады. Іле-шала қуғыншылар шығады. Шауып келе жатып, Қарабедеу томарға сүрініп, омақаса құлайды. Ұшып түскен Ақтоқты шырқырап:
- Ақан, сен де есіңді жи, мен де есімді жидым. Бір баянсыз іс болды, ұмытайық. Ата салтын аттағым келмейді. Ата-анамның тілегі кесілмесін, мен Жалмұқандықпын, - деп безек қағады. Осы сәт қуғыншылар да жетіп, Ақтоқтыны атқа өңгеріп ала жөнеледі.
Тағдыр тәлкегіне түсе беретін Ақан серінің тағы да сағы сынады. Бақтыбай ауылы тездетіп Ақтоқтыны ұзатуға кіріседі. Ақбоз үйдің ішінде көз-жасын төккен ол:
- Болар іс болды, ел-жұртым, мен енді Жалмұқанның жарымын! Аужарымды ел еркесі Ақан сері айтсын, - деп отырып алады. Ақтоқтының тілегі қабыл болып, аужарды Ақан сері айтады. Сөйтіп, Ақан сері үшін Ақтоқты бей-опа арманның айтылмаған әні болады да қалады. Ақан Ақтоқтыға бес ән арнайды.
1876 жылы Паң Нұрмағамбет әкесі Сағынайға ас беретін болады. Нұрмағамбет Сағынайұлы - болыс болған, ел билеген қайраткер, қазақ меценаты. Үш жүзге сауын айтып, әкесі Сағынайға Ерейменнің етегі Қусақ көлінің жағасында ас береді. Асқа бір мың жылқы, екі мың қой сойылады. Құлагер бәйгеге соңғы рет осы Сағынайдың асында қосылады. Үш жүз жетпіс ат күндік жерден айдалады. Көз ұшында сағымдай бұлдырап, ойқастап жеке-дара келе жатқан Құлагердің шекесіне шоқпар тиіп құлайды. Ақан сері Құлагерінің басын құшақтап үш күн жылайды.
"Қырмызы, қара құлпы құйрығың-ай,
Суырылып топтан озған жүйрігім-ай.
Жеріне Ерейменнің айдап келген
Тәңірдің неғылайын бұйрығын-ай",
- деп жоқтайды. Бұл оқиға асқа келген есепсіз елдің сай-сүйегін сырқыратып, жүрегін қан жылатады. Ақан серінің "Құлагер" әні қазақ даласын тегіс шарлап кетеді.
Ілияс Жансүгіров те, Ақан сері жайында жазған бірқатар зерттеушілер де Құлагердің трагедиясына кінәлі деп Батырашты атайды. Бұл пікірдің теріс екендігін, Құлагердің өліміне кінәлі Батыраш емес, Барақбай екендігін алғаш айтқан - ақын Мағжан Жұмабаев. Қасым қарияның дәптерінде де сол Барақбайдың есімі аталады. Өзінің ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесінде Илья Жақанов Барақбайдың зұлымдығын айғақты, дәйекті деректермен мүлтіксіз дәлелдейді.

Махаббат азабы

Жан жары Бәтиманың қазасы, Ақтоқтымен арадағы көрген түстей шым-шытырық оқиғалар Ақан серіні күйзелтіп, есеңгіретіп жібереді. Ел барды жоқ қып, жоқты бар ғып гулейді. Тағдырдың тәлкегіне түсе беретін Ақан сері соның бәрімен іштей күресіп бағады.

Ертеде Қызылағашта Ғабит Мүсіреповтің "Ақан сері - Ақтоқты" пьесасы қойылады дегенде қариялар: "Асылымызды қорламаңдар! Жалмұқан мен Ақтоқтының өміріне бүйтіп дақ салмаңдар! Өсіп-өніп отырған жазықсыз әулеттің бала-шағаларының көңіліне қаяу түсірмеңдер. Бізге жалған сөздің керегі жоқ", - деп, әртістерді қайтарып жіберген екен.
Расында, Жалмұқан уызына жарыған, өрісі де, өресі де кең, қайырымды, кісілікті, елге қадірлі кісі болған. Ақтоқтымен екеуі жұрт қызығатындай жарасымды өмір сүрген.
Ақтоқтының келін боп түскен жері - Жақсылық елі - Қарауылдың іргелі атасы, әнші ел. Жақсылықтың бір тұтқасы, айбарлысы - Сүтемген бай, бай болғанда дүниеқоңыздығымен емес, берекелі, адамгершілігімен, көшелі кісілігімен күллі Арқаға даңқы жеткен адам. Менмін дегендер онымен құдандалы болуды армандаған. Оның ақ ордасында ел ардақтаған шешендер мен билер, даналар мен көсемдер, әнші-ақындар кеңес құрған. Сүтемгеннің дарқандығы балаларына дарыған. Әкесінің бар дәулетін Жалмұқан ұстаған. Ол дүниені текке шашпаған. Қарағайдан қидырып мешіт, медресе салдырып, молда ұстап, балаларды ізгілікке тәрбиелеген, кем-кетікке қол ұшын берген.
Жалмұқан мен Ақан серінің арасындағы сыйластықты білетіндер күні кешеге дейін аңыз қылып айтып жүрген. Жалмұқан Ақанды ауылына жиі шақырып тұрған. Жұлдызы жымыңдаған айлы түндерде төсекті көгалдың үстіне салдырып, Ақтоқты үшеуі қатар жатқан. Ақан сері Жалмұқанның осы ісіне сенер-сенбесін білмей, ыңғайсызданып, бұл ауылға келуін тоқтатқан.
Қазақ еліне қайғы-қасірет, зобалаң әкелген қызыл қырғында Жалмұқан мен Ақтоқты мыңғырған малдан, шалқыған дәулеттен айрылып, арып-ашып, әбден титықтап, ауыл шетіндегі иесі өлген бір қыстауды паналайды. Тіске басып, талшық етер түк қалмайды. Өзектері талып, көздері қарауытып, қуаттан айрылады. Содан бастап қазақтың басын бұлт торлап, айықпайтын дертке ұшырайды. Ақылға сыймайтын, неше түрлі келеңсіздіктер, сорақылықтар, бұрмалаулар етек алады. Ақан серінің "Балқадиша" әні де бұрмаланып:
"Дегенде, Балқадиша, Балқадиша,
Күйеуің сексен бесте, шал Қадиша-ай!"
- деп айтыла бастайды.
Соғыс жылдары Зерендінің Кеңөткелінде бір әнші "Балқадишаны" бұрмаланған сөзімен айтыпты. Сонда залда отырған Балқадиша:
- Мына жазған не деп отыр? - деп биязы мінезімен мұңайып, басын шайқаған екен. Ашуланған бір ақсақал:
- Аққудың көгілдіріндей үлбіреген Балқадиша өз сүйгеніне ұзатылған. Міне, осы концертте ортамызда отыр. Сен лағып не деп тұрсың өзің? - деп, әлгі әншіні сахнадан қуып шығыпты. Осы оқиғаны да, қазақ өнеріне көпе-көрнеу жасалған қиянаттың өзге мысалдарын да біз Ильяның кітабынан оқимыз. "Жиырмасыншы, отызыншы жылдары қазақтың көп әні жаңа социалистік қоғамның насихат құралына айналып, өзінің о бастағы сөзінен, мәнінен ажырады. Колхоздастыру, сауатсыздықты жою, әйел теңдігі науқаны басталғанда Үкілі Ыбырайдың "Толқын" әні - "Елім бар колхоз болып дүрілдеген" деп; "Ақбаян" әні - "Ой, Ленин, Қараңғыда көп елің" деген қайырмамен; "Балқадиша" әйел теңсіздігін шектеген ән болып шыға келді", - деп жазады автор.
Ол кезде қазақ тексізге қыз бермеген ғой. Келінді бар жерден, текті жерден алған, қызды өскен, өнген елге берген. Бұрыннан аралас-құралас, бір-бірін жақсы білетін Масабай Ыбыраймен құда болады. Балқадишаның (шын аты - Төкен) болашақ күйеуі - елге сыйлы сол Масабайдың Сүлеймені.
Ақан сері Балқадишаны жақсы біледі. Қырдың гүліндей көз алдында құлпырып өскен Балқадиша. Бүгінде ол - бұл өңірдегі айтулы сұлулардың ішінде жұлдызы биік періште. Ақан сері Ыбырайдың үйінде талай болып, ән шырқаған, бұл елді талай әнге бөлеген, гауһардай жалт-жұлт еткен Балқадишаны талай көрген, қыздың айдай жүзіне, нәркес көзіне, күміс күлкісіне, мінсіз сымбатына ессіз құлаған.
Балқадишаны екі жеңгесі Ақан сері отырған он екі қанат ақ ордаға алып кіреді. Балқадиша - бүгінде толықсыған кербез ару. Жарқылдаған жанарында күллі дүние жайнап тұр. Ақанның оң жағында отырып, Балқадиша тамылжытып ән салады. Ақан серіні Балқадишаның назды қылығы, тіл байлаған көркі балқытады. Жанында отыр, бірақ ол сондай алыс, ғарыштағы жұлдыздай арбайды. Ақан сері құмарлық отына күйіп, іштей уһлейді, "Кең дүниеге сыймай дуылдаған бозбала кезімде қайда едің?" деп өкінеді. Балқадишаның да қарақат көздері ойға тұнады. Таң қылаң бере Балқадишаның екі жеңгесі Ділда мен Ұмсын келіп, Ақан серіден рұқсат сұрайды. Ләйліге есі кеткен Мәжнүндей хал кешкен Ақан сері сан түрлі ойға шырмалып, риза көңілмен рұқсатын береді.
Арада біраз күн өткенде Ақан сері сол маңдағы ауылдарды әнмен сусындатып, Жыланды жағына барғанда Балқадишаның ұзатылғанын естиді. Естіп, іңкәр жүрегі талып, көзіне жас алып, тұла бойынан "Балқадиша" әні шығады:
"Қызы едің Ыбекеңнің, Балқадиша,
Өзенді әрлей біткен, тал Қадиша.
Сексен қыз серуенге шыққан кезде,
Ішінде қара басың хан, Қадиша.

Дегенде, Балқадиша, Балқадиша,
Бұралған белің нәзік, тал Қадиша.
Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,
Рұқсат, бізден сізге, амал не, бар, Қадиша.
Үміт шырағындай көрінген Балқадиша Таң Шолпаны секілді алыстай береді... алыстай береді... .


Жолдасбеков М. Ақан Сері өмірінің ақиқаты // Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 2 тамыз. – 5 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий